18+
21 января 2016

Аптаның басты кинопремьералары

Қаңтар айының ортасы бізді жақсы әрі қызықты фильмдермен қуантады. Осы аптада біз байлыққа жету үшін адамдарды қалай алдау керектігін біліп, ғажайып швабраны ойлап тапқан әйелді, жігіт махаббатын қайтарып алу үшін қандай әрекетке бара алатынын, денесі қартайса да, көңілі ешқашан қартаймайтын Роберт Де Нироны және қатыгез ковбойға айналған Майкл Фассбендерді көреміз.

Біз сіздер үшін әдеттегідей біздің талғамымызға сүйене отырып аптаның ең басты премьераларын таңдадық. Әрқайсысына бөлек тоқталып өтейік.

21-ші қаңтарда америкалық режиссер Адам МакКейдің «Игра на понижение» жаңа фильмінің премьерасы өтеді. Фильм 2007-2008-ші жылдары болған әлемдің экономикалық дағдарыс жайында баяндайды. Осындай экономикалық дағдарыс болатынын алдын ала білген бірнеше қаржыгер болжамдарын пайдаланып ақша таба бастайды. Ал көп ақша адамды есінен танытатыны баршаға мәлім.

Уолл-стриттің арғы жағында не болып жатқанын, әлемнің ең бай адамдарының өмірін әр адам білгісі келетін шығар. Осы фильмде МакКей бізге байлардың өміріне шағын саяхат жасайды. Фильмде бізге қаржы құзғындарының жұмысының қағидаларын және амал-әдістерін, жұртты қалай алдайтынын түсіндіреді. Режиссер мазмұны тайыз комедия мен экономикалық драманың арасында тура ортасын тауып қызықты әрі пайдалы кино түсірді. Бұл картина экономиканы, санауды және сатираны жақсы көретін адамдардың көңілінен шығады. Экономикалық термендер де бұл жерде жетерлік.

Америкалық көрерменге бұл дағдарыс өте жақын болғандықтан, олар фильмді өте жақсы қабылдады.

Фильмнің керемет актерлік құрамын атап өтпесек болмайды. Олар «Оскар» жүлдесінің иегерлері Кристиан Бэйл, Брэд Питт, Мелисса Лео мен Мариса Томей және «Оскарға» үмірткерлер болған Стив Карелл мен Райан Гослинг.

«Игра на понижение» ақпан айында өтетін «Оскар» жүлдесіне бес номинация бойынша үміткер болып отыр – «Ең үздік бейімделген сценарий», «Екінші пландағы ең үздік актер», «Ең үздік режиссер», «Ең үздік фильм» және «Ең үздік монтаж».

Америкалық режиссер Дэвид О.Расселлдің «Джой» фильмі экранға шығады. Фильм Американың ең сәтті кәсіпкері бола алған Джой есімді жалғыз ана туралы баяндайды. Джой кішкентай кезінен қолынан барлығы келетін шебер болғандықтан, ол әрқашанда түрлі заттарды ойлап шығарады. Қасында керекті адамдар жоқ болғандықтан, ару өзінің шеберлігін қалай пайдалану керек екендігін білмейді. Ол әуе компанияда кассир болып қызмет етіп, үлкен жанұясын асырауға мәжбүр. Бір күні Джой ғажап швабра ойлап табады. Осыдан бастап оның кәсіпкерлік жұмысы басталады.

Қазіргі таңда Джойдың ойлап тапқан үй шаруасында қажетті заттарымен көптеген әйелдер пайдаланып, рахметін айтып жатқан шығар. Сәтті кәсіпкерге айналған жалғыз ананың оқиғасы көптеген жандарды шабыттандырып, өз күшіне сенуге көмектеседі. Осындай қарапайып адамдардан кейін ұлы бизнесмендер, инноваторлар шығады емес пе. Дэвид О.Расселл осы жолы пайдалы, феминистік бағыттары бар кино түсірді. «Мой парень псих» және «Афера по-американски» танымал фильмдерінің режиссерінің жаңа туындысында өткір тілді диалогтар мен тапқырлы әзіл-сықақ болмайды. Осы жолы ол бізге қазіргі заманның әйелі тәуелді бола алғаны соншалық, арманындағы махаббатынсыз, жанұясыз керемет өмір сүре алатынын көрсетеді.Айта кетейік, Лоуренс осы рөлі үшін «Ең үздік актриса» номинациясында «Оскар» жүлдесіне үміткерлер қатарына кірді.

Рөлдерді баяғы Лоуренстен басқа Брэдли Купер, Роберт Де Ниро, Эдгар Рамирес және тағы да басқалар сомдайды.

Ресейлік режиссер Павел Руминовтың «Статус: Свободен» романтикалық комедиясының көрсетелімі де 21-ші қаңтарда басталады. Фильм Никита және Афина есімді кемшіліктері жоқ ғашықтар жайында баяндайды. Бір күні Афина жігітіне оның махаббаты суығанын айтып, оны тастап кетеді. Кейін белгілі болғандай, жас ару 40-жасар тіс дәрігеріне кетіп қалған екен. Никита бұл қатаң шындықты мойындағысы келмей, Афинаның махаббатын бір аптаның ішінде қайтарып алатынына уәде береді.

«Статус: Свободен» фильмінде ешқандай айла-әдіске, күтпейтін өзгерістерге толы сюжет болмайды. Қияли ертегілерде сияқты махаббат оқиғасын да көре алмайсыздар. Режиссер бізге тек әр адамның өмірінде болған оғиғаларды, жігіт пен қыз арасындағы қарым-қатынастарды көрсетеді. Фильмнің ұраны «миллиондаған адамдардың өмірінен алынған жағдай» дегені де тегін емес.

Кейбіреулер бұл лентаны махаббатары тастап кеткен жандарға арналған нұсқау деп атап кететін де шығар. Бірақ ондай тұжырым жасауға асықпаңыздар. Көптеген жастар өзін сыртынан көріп, ойланып қалар.

Сондай-ақ, сіз ресейлік танымал актер Данила Козловскиді ұнатсаңсыз, фильм сізге міндетті түрде ұнайды.

Рөлдерді Козловскиден басқа Елизавета Боярская, Владимир Селезнев, Игорь Войнаровский, Паулина Андреева және тағы басқалар сомдайды.

Бейсенбіде режиссер Дэн Мазердің «Дедушка лёгкого поведения» комедиясы қазақстандық экрандарға шығады. Фильм көктемгі демалыстарда (spring break) атасымен бірге теңізге барған үйленгелі жатқан жігіт жайында баяндайды. Басты кейіпкер Джейсон ешқашан көңіл қалдырмайтын, барлығын дұрыс орындайтын жігіт. Оның атасы жеңіл мінезді, қызулы қиялға берілетін, өмірдегі барлық қызықтарды көрген отставкадағы генерал. Сіздер түсінгендей, Джейсонның атасымен бірге өткізетін демалысы оның өмірін толығымен өзгертеді.

Түрлі қызықты оқиғалар мен әзілдерге қарамастан, фильмнің ең басты артықшылығы ол әрине барлығы жақсы көретін Роберт Де Ниро. Осы керемет актер түсетін фильмдердің барлығы әдет бойынша тамаша болып кетеді емес пе. Ал Зак Эфрон мен Де Нироның актерлік дуэті екі есе қызығушылық танытады. Бұл комедия көрермендерге көңіл көтеретініне күмәніміз жоқ.

Рөлдерді Де Ниро мен Эфроннан басқа Зои Дойч, Обри Плаза және тағы да басқалар сомдайды.

 

Режиссер Джон Маклиннің «Строго на запад» (Slow West) алғашқы толықметражды фильмі біздің кинотеатрларда көрсетілмеуі мүмкін. Бірақ, біз бұл картина жайында атап айтқымыз келіп отыр. Сюжет бойынша, Джей Кавендиш есімді жас лорд қарапайым жанұядан шыққан шотландиялық аруға ғашық болып, оның жүрегін жаулап алу үшін батысқа қарай жол жүреді. Саяхат барысында ол қатаң мінезді, мақсатсыз елді аралап жүрген Сайлас есімді серіні кездестіреді. Сайлас жас лордқа қосылып, оған жолдағы барлық қиындықтарды жеңуге көмектеседі.

Маклин басқа вестерн жанрындағы туындыларға ұқсамайтын стильді әрі әсерлі кино түсірді. Егер де сіз Джим Джармуштың «Мертвец» немесе ағайынды Итан және Джоэль Коэндердің «Железная хватка» фильмдерін ұнатсаңыз, онда осы фильм көңілдеріңізден шығады. Маклин бізге ешкімге ұқсамайтын сюжет, жаңа кейіпкерлер мен режиссерлік амал-тәсілдер көрсетпейді. Алайда бұл режиссерде вестерн жанрына өзінің стилі, талғамы және көз-қарасы бар екеніне көзіңіз жетеді.

Айта кетейік, бұл фильм өткен «Сандэнс» тәуелсіз кинофестивалінің жеңімпазы болып табылады. Кино көптеген киносыншылардың жағымды пікірлеріне ие болған.

Рөлдерді Коди Смит-МакФи, Майкл Фассбендер, Бен Мендельсон және тағы басқалар сомдайды. Әсіресе Фассбендердің дарынды актерлің ойыны сізді селқос қалдырмайды.

Читайте также
подписка на рассылку
нет, спасибо

Закрыть через: