Осы аптада қазақстандық кинотеатрлар ресейлік, отандық және батыс елдерінің жаңа фильмдеріне толығады. Әдеттегідей біз сіздерге сан алуан фильмдердің ішінен қандайын таңдап, көруге болатынын көмектесеміз. Сонымен, бізді әкесін қорқып жүрген «Гарри Поттер» фильмдерінің жұлдызы Эмма Уотсон, теңіз апатына ұшыраған кемешілер, Қазақстанның ең жас режиссерінің алғашқы киносы, Гарик Харламов пен Никита Джигурда қатысқан комедия, өз құқығы үшін күрескен иран бишісі және Сара Джессика Паркердің Рим қаласындағы жаңа романтикалық қарым-қатынастары күтеді.

Аптаның басты кинопремьерасы — бұл испандық режиссер Алехандро Аменабардың «Затмение» (Regression) фильмі. Сюжет бойынша шағын қалада сорақы қылмыс жасалады. Бір отсабында бойжеткен қыз әкесін оған алымсақтық, зорлау түрінде сексуалды күш көрсетіп жатқаны үшін кінәлап, сектаға кіріп, адамдарды өлтіріп, қанды салт жораларды орындап жүргенін полицияға айтып береді. Брюс Кеннер есімді детектив бұл істі өз қолына алып, тергеу ісін жүргізе бастайды.

Аменабар осы жаңа картинасымен триллер жанрына қайта оралады. Сюжетке қарағанда, бізді ерекше жаңа кейіпкерлер мен ешқашан болмаған оқиға күтеді деп айта алмаймыз. Дегенменде режиссер бізге жұмбақтар мен шиеленістер дайындап қойғанына уәде береді. Біздің ойымызша, мистика және шайтанды дәріптеу салт жоралары бар фильмдер қазіргі таңда ешқандай қызығушылық, сенімділік танытпайды. Бірақ актерлер құрамында барлығы жақсы көретін сүйкімді Эмма Уотсонды көріп, «Затмениеден» жақсы әсер алып қайтанымызға сенеміз. Америкалық киносыншылар Эмманың осы фильмдегі драмалық қабілетін жоғары бағалаған болатын.

Айта кетейік, бұл Аменабардың 2009-шы жылы сәтсіздікке ұшыраған «Агора» фильмінен кейінгі алғашқы жұмысы. Әлемге «Дипломная работа», «Открой глаза», «Море внутри» және «Другие» сияқты тамаша фильмдерін сыйлаған режиссер қалпына келіп, шабыттанып, жігер-күш жинап, бізге дарындылығын қайта көрсететініне үлкен үміт артамыз.

Рөлдерді Уотсоннан басқа Итан Хоук, Дэвид Тьюлис, Девон Бостик, Аарон Эшмор және тағы да басқалар сомдайды.

Отандық ең жас режиссер Ақжол Абиловтың «Мезет немесе жай ғана өмір» (Мезет или просто жизнь) атты алғашқы фильмі экранға шығады. Сюжет бойынша ғұмырын жақсы кешіп жүрген ауқатты еркек бір күні емделмейтін аурумен ауырып қалғанын біледі. Оған өмір сүруге азғана уақыт қалды. Сол сәттен бастап басты кейіпкер әр күнді бағалап, қандай пайдалы істер жасағанын, өзінен кейін не қалдырғысы келетінін ойлай бастайды. Көрерменге кейіпкер қандай өзгеруден өтетіні көрсетіліп, әр адамды толғандыратын маңызды мәселелер көтеріледі.

Киноөңдірісте осыған ұқсас фильмдер жетерлік қой деп ойлап жатқан шығарсыздар. Алайда Абилов бізге бұл тақырыпты қазақстандықтардың тұрмысымен көрсетіп, кім қайдан шыққанын, тарихи тамырын ұмытпау керек екендігін есімізге түсіреді. Біздің актерлердің өз рөлдерін ойнағаны кейбір жерде сізге ұнамауы да мүмкін. Сондай-ақ фильмнің сапасы өте жоғары болмағанына да сіздер көңіл бөлесіздер. Дегенменде көтерілген тақырып, мәселелер сізді селқос қалдырмас.

Киносыншылар болса қазақстандық кино тағы бір керемет туындымен толықты деген пікірлерін білдіруде. Рөлдерді Азат Сейітметов, Нұржан Тұтов, Ерден Телемісов, Нұржан Садыбеков, Алмат Сақатов, Гүлбаһрам Байбосынова және тағы басқалар сомдайды.

Австралиялық режиссер Крэйг Геллеспидің «И грянул шторм» (The finest hours) фильмінің көрсетілімі басталады. Фильм 1952-ші жылы қатты теңіз дауылына түсіп, екіге қақ сынып қалған мұнай танкері (сұйық заттарды таситын кеме) жайында баяндайды. Оның тұмсық бөлігі бірден батып кетеді, ал артқы жағы су бетінде жүзіп қалады. Тірі қалған кемешілер өзін-өзі қолға алып, шешім таппаса, әріптестері сияқты батып кететіндерін түсінеді. Оларға көмекке басқа кеме келетініне үміт жоқ. Кемешілер өздерін құтқаруда басқа амал-тәсілдерді ойластыруға мәжбүр болады.

Кейбір оқиғаларды естігенде, олардың шынайы өмірде болғанына сенуге қиын. «Пендлтон» танкерінің құтқарылған кемешілер оқиғасын соған жатқызуға болады. Олардың қатты теңіз дауылында күш-жігер танытып, барлық қыиндықтарға шыдап, құтқарылып қалғандары ғажап. Әрине, бұл жігіттердің ерлігі киноға түсіріліп, адамдарға көрсетілуі тиіс. Жас ұрпақ бұл оқиғаны біліп, міндетті түрде шабыттанып, үлгі алу керек.  «И грянул шторм» фильмі батыр болып туылмаған, қарапайып жігіттердің батылдығы мен ақылы жайында ашық көрсетілген туынды. Сонымен қатар, фильмде теңіздің қорқынышты дауылын көрсететін компьютерлік арнайы эффектілер жетерлік.

Рөлдерді Крис Пайн, Холлидей Грейнджер, Кейси Аффлек, Бен Фостер, Эрик Бана және тағы басқалар сомдайды.

Сондай-ақ, 4-ші ақпанда ресейлік режиссер Татьяна Капитанның «30 свиданий» романтикалық комедиясы экранға шығады. Фильм сүйікті жігітімен айырылысып қалған Даша есімді бойжеткен жайында баяндайды. Жолы болмаған ару интернеттен бір ай көлемінде 30 жігітпен кездесуге бару деген әдісті табады. Даша сол әдісті арманымдағы жігітпен жолығып қалармын деген мақсатпен сынамақшы болады. Бірақ басты кейіпкер неше түрлі ессіз, оғаш мінезді, түсінуге келмеймін жігіттерді кездестіреді. Әрине, олардың ішінен жақсы жігітті таңдау қиынға соғады.

Фильм шығарушылары бізге өз махаббатын, бақытын іздеудегі осындай айрықша тәсіл ұсынып отыр. Олардың айтуынша, комедияның басты мақсаты жастарға күйзелістен қалай тез арада шығуға болатынын көрсетіп, шабыттандыру болып табылады. Біздің түсінігімізше, түсірілім командасы танымал «Дневник Бриджес Джонс» картинасына ұқсатып, өзіндік ресейлік нұсқасын жасағысы келді. Ал фильм сондай күлкілі әрі пайдалы болып шықты ма, онысын жақын арада кинотеатрлардан көріп бағалай аламыз.

Рөлдерді Наталия Медведева, Никита Панфилов, Дмитрий Богдан, Гарик Харламов, Никита Джигурда және тағы басқалар сомдайды.

Ағылшын режиссері Ричард Рэймондтың «Танцующий в пустыне» алғашқы фильмі біздің кинотеатрдарда көрсетілмесе де, оны да атап кеткіміз келіп отыр. Фильм Афшин Гаффариан есімді иран бишісінің би өнеріне заңды түрде тыйым салынған мұсылман мемлекетінде өз дарындылығын білдіруге бостандығы үшін күрескен шынайы өмірде болған оқиғасы жайында баяндайды. YouTube сайтын оқулық ретінде пайдаланып, жігіт өзінің жасырын би тобын құрады. Олар полициядан аулақта, шөлді жерде құпиялы би шоуларын өткізеді. Алайда, осындай сақтық шараларға қарамастан, Афшиннің тобын заң сақшылары ұстап алады. Жігіттің өнерді халыққа таратуы, батылдық танытып, заңға бағынбаушылығы оған көптеген өмірге қауіпті жағдайлар туғызады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, адамның адамгершілігін сақтап қалу мақсатында жасалатын толық тыйым салулар қалаған нәтижелерді бермейді. Көбісі жағдайларда бұл керісінше — көргенсіз бұзықтыққа әкеліп соғады. Басты кейіпкер би өнерін бүкіл жанымен сүйіп, онда өзінің рухани бостандығын, әлемін көреді. Бұл өнерді түсінуге талпыныс білдірмей, оны күнә деп айыптау да дұрыс емес. Бұл фильм өнерді түсінуге, әр адамның рухани бостандығын қадірлеуге шақырады. Шөлді далада тамаша орындалған билер де сізді селқос қалдырмайды. Егерде мүмкіндігіңіз болса, бұл фильмді іздеп тауып, көруге асығыңыздар.

Рөлдерді Назанин Бониади, Фрида Пинто, Том Каллен, Рис Ричи, Саймон Кассианидес және тағы да басқалар сомдайды.

Швеция режиссері Элла Лемхагеннің «Римские свидания» романтикалық комедиясының көрсетілімі де бейсенбіде басталады. Сюжет бойынша мұғалім болып еңбек ететін ажырасқан әйел жоғары сыныпта оқитын қызымен бірге Рим қаласына демалуға келеді. Демалыс орнында әйел кездейсоқ өзінің алғашқы махаббатын кездестіреді. Сол  сәтте оның қызы болса Америкада сотталып жатқан жігітіне қашып кетпекші болады. Алаңдаған ана бұрыңғы махаббатымен бірігіп, қызын тоқтатуға асығады. Осы жерден бастап романтикалық комедияларға тән қызықтар басталады.

Фильмнің сюжетіне қарағанда, бізге жас кезінде бір біріне ғашық болған жұптың, өмірдің жартысын кешіп, кемел ойлы болып, махаббаттары қайтадан оянғанын көрсетеді. Режиссер көрермендерге жеңіл, еркін, барлығы жақсы көретін танымал актерлері бар және көптеген күлкілі сахналарға толы комедия шыққанына уәде береді. Осындай жөнді қары, аязы жоқ, көңілсіз қыстық күндерде осы фильм біздің көңілімізге қуаныш шашар.

Рөлдерді Сара Джессика Паркер, Рози Дэй, Рауль Бова, Клаудия Кардинале, Пас Вега және тағы да басқалар сомдайды.