18+
25 февраля 2016

Аптаның кинопремьералары

Қыс мезгілінің соңғы аптасы өкінішке орай бізге алдыңғы апталар сияқты түрлі жанрлы фильмдер сыйламайды. Дегенменде осы аптада да көруге тұрарлық фильмдер баршылық. Сонымен, бізді еліміздің кинотеатрларында ақ нәсілді Египеттің құдаулары, қартайған, алжумен күресіп жатқан Шерлок Холмс, екі әйел арасындағы бір жынысты махаббат, Холокост қырғынын басынан кешкен қария және Үндістанда түсірілген хоррор күтеді. Көктемгі жылуды күте отырып, жаңадан шыққан картиналарды бағалауға асығайық. Бізге осы аптада шығатын фильмдердің ішінен бірнешеуі қызық болып отыр. Әрқайсысына толығырақ тоқталып өтейік.

Египетте туылған австралиялық режиссер Алекс Пройастың «Боги Египта» фильмі экранға шығады. Сюжет бойынша бір кездері бейбітшіл болған, өркендеп келе жатқан Египет патшалығы ретсіз тәртіпсіздікке бата бастайды. Мейірімсіз Сет есімді қараңғылық құдайы өз ағасы Осиристі өлтіріп, заңсыз таққа отырады. Күтпеген жерден ұрлықпен айналысып жүрген қарапайым жас жігіт жаңа билеушіге қарсы шығады. Сет оның өмірдегі ең қымбаттысы — сүйікті қызын тұтқынға алады. Жігіт құдыретті әрі кекшіл құдай Гораны көмекке шақырады. Олар төзімділік пен батылдық танытып, Сет және оның атарман-шабармандарымен өлілер мен тірілер әлемінде күреседі.

«Я, робот» және «Ворон» фильмдерінің режиссерінің жаңа фэнтези-боевигі мифологиялық жандарға, түрлі әсерлі шайқастарға және шұқып шығарылған көздерге толы. Айта кетейік, фильмнің трейлері шыққаннан бастап, көрермендер түсірілім тобын үйлеспеушілік үшін айыптай бастады. Олардың пікірінше, фильмде басты рөлдерді ойнайтын актердің барлығы ақ нәсілді. Ал Египеттің азаматтары ешқашан ақ нәсілді болмаған. «Тарихты ұмытпайық! Тарихты құрметтейік! Бұл Африка ғой!», — деді актриса және әнші Бетт Мидлер өзінің пікірін білдіріп. Режиссер Пройас болса өз фильміне ақ нәсілді актерлерді алғаны үшін кешірім сұрады. Ендеше, «Боги Египта» ақ нәсілді актерлермен қалай көрінетінін киноға барып бағалайық.

Рөлдерді Джерард Батлер, Эбби Ли, Николай Костер-Вальдау, Кортни Итон, Брентон Туэйтс және тағы басқалар сомдайды.

Америкалық режиссер Тодд Хейнстің «Кэрол» драмасы біздің кинотеатрларының экрандарына шығады. Сюжет бойынша әрқашанда жайнап жүрген әйел Кэрол Эйрд отбасылық тұрмыста үлкен күйзелісті басынан кешіруде. Күйеуі оны жекеменшік заты деп санайды, құрбыларымен кездесуге, аралысып тұруға тыйым салады. Рождество мерекесінің қарсаңында Кэрол кішкентай ұлына сыйлық сатып алу үшін дүкендерді аралап жүргенде Терез есімді эмигрант жас арумен танысады. Екі бикеш бір-біріне алғаш көргеннен ұнап қалады. Алдымен олар жақсы құрбылар болып, кейін көңілдестерге айналады. Кэролдың бір жынысты қатынастарын білген күйеуі, оны сот арқылы ата-ана құқығынан айыратынымен қорқытады.

Фильм американдық жазушы Патриция Хайсмиттің романының негізінде түсірілген. Жаңа жыл әрқашанда адам өміріндегі ерекше мереке. Бұл күнді күту барысында біз түрлі ғажайыптарға сеніп, жаңа жылда өміріміз өзгеріп, жаңаратынына үміттенеміз. Осындай керемет күндердің бірінде басты кейіпкерлер бір-біріне ғашық болғанын түсінеді. Картина 1950-ші жылдың дәуірін, егжей-тегжейлерін жақсы көрсетеді. Егерде сіз экранда көрсетілетін бір жынысты махаббатқа немқұраулы немесе шыдамдылықпен қарасаңыз, онда киноға «Кэролға» баруыңызға болады. Айта кетейік, бас рөлді сомдаған актриса Кейт Бланшетт осы рөлі үшін 28-ші ақпанда өтетін «Оскар» марапаттау салтанатында «Ең үздік актриса» номинациясында жеңімпаз атануға үміткер болып отыр. Ал оның әріптесі Руни Мара болса «Екінші пландағы ең үздік актриса» номинациясында жүлде алуға үміткерлер қатарында.

Рөлдерді Бланшетт пен Руни Марадан басқа Кайл Чандлер, Джейк Лэси, Сара Полсон және тағы басқалар сомдайды.

Америкалық режиссер Билл Кондонның «Мистер Холмс» фильмініңкөрсетілімі бейсенбіде басталады. Сюжет бойынша әлемнің ең атақты тыңшысы жұмысын тастап, кәрілігін тыныш ауылда өткізуде. Ол жеке ара ұяларын күтумен айналысып кеткен. Дегенменде оны осы күнге дейін ашылмай қалған бір әйелдің құпиясы мазалап жатыр. Сол жағдай тіпті оның түсіне де жиі кіреді. Нәтижесінде мистер Холмс осыдан 30 жыл бұрын оны қызметін доғаруға мәжбүрлеген істің шешімін не болсама да шешу жайында шешім қабылдайды.

Фильм американдық жазушы Митч Каллиннің «Мистер Холмстың аралары» (Пчелы мистера Холмса) кітабының негізінде түсірілген. Сіздер білетіндей барлық танымал кейіпкерлерді басқаша етіп көрсету қазіргі заманда жиі кездесетін жағдайлардың бірі. Осы жолы фильмде барлығы үйреніп кеткендей ешқандай детектив болмайды. Кондонның психологиялық драмасында тыңшы Холмс көрермендердің алдында әбден қартайып, алжумен күресіп жатқан қария кейпінде шығады. Қартайған Шерлоктың өмірде қисын (логика) мен шындықтан маңыздырақ нәрселер бар екеніне көзі жетеді. Жаулардың қылмысты ой-пиғылын үнемі әшкерелейтін Холмс осы картинада сізге бір түрлі көрінуі мүмкін. Дегенменде бұл фильмнің көріп, бағалауға тұрарлық өзіндік қызықтары бар.

Рөлдерді Иэн МакКеллен, Лора Линни, Майло Паркер, Хироюки Санада, Хэтти Морахэн және тағы басқалар сомдайды.

Каирда туылған канадалық режиссер Атом Эгоянның «Помнить» драмасыҚазақстанның үлкен экрандарына шығады. Фильм Холокост қырғынын басынан кешкен 90-жастағы Зев есімді қария жайында баяндайды. Ол соғыс кезінде оның отбасының өліміне кінәлі нацист қарауылшы Америкада бөтен адамның атын алып аман-есен жүріп өмір сүріп жатқанын біледі. Зев киім-кешектерін жинап, кек алуға, әділдікті орнату мақсатында Америкаға аттанады.

Эгоян өз фильмдерінде адамның ішкі жан дүниесінің жағымсыз қасиеттерін зерттейді. Осы жолы режиссер осы жағымсыз қасиеттерді үрейлі жылдар болған тарих арқылы көрсетпек. Холокост қырғынында болған оқиғаларды еске түсіретін болсақ, фильмді көруге ауыр болатын шығар. Дегенменде бұл кезеңді ұмытуға болмайды. Айта кетейік, «Помнить» картинасы 2015-ші жылы өткен Венециядағы халықаралық кинофестивалінде көрсетілген болатын. Сол кезде фильм «Vittorio Veneto Film Festival Award» жүлдесін иеленді.

Рөлдерді Кристофер Пламмер, Дин Норрис, Мартин Ландау, Генри Черни, Юрген Прохнов және тағы басқалар сомдайды.

Ағылшын режиссері Йоханнес Робертстің «По ту сторону двери» қорқынышты фильмінің ТМД-елдерінде көрсетілімі басталады. Фильм Мумбаи үнді қаласына көшіп келіп, кішкентай баласынан айырылған жас отбасы жайында баяндайды. Қайғыдан қамкөңіл болған анаға үнді үй қызметшісі дүниеден өткен адамдарды естуге мүмкіндік беретін ғибадатхана мен ежелгі салт туралы айтып береді. Баласын жоғалтқан ана сол жерге барып, ежелгі салтты орындамақшы болады. Бірақ салттың ең басты ережесі — марқұм болған адамның даусын естігенде, ғибадатхананың есіктерін ашуға болмайды. Әйел бұл ережені орындамай, есікті ашып жібереді.

Жаңа қорқынышты фильмінің түсіру командасы Стивен Кингтің кітаптарының идеяларын алып, құбыжықтар мен әруақтарды өзіндік мәнге келтіріп көрсетеді. Бұл мистикалық хоррор бізге әрине ешқандай жаңа идея ұсынбайды. Бірақ фильм өте сапалы әрі талантты жасалған. Ал оқиға орын алған жер Мумбаи қаласы сырлы және қорқынышты көрінеді. Біздің ойымызша, бұл көңіл бөлуге тұрарлық хоррор.

Рөлдерді Сара Уэйн Кэллис, Джереми Систо, Хавьер Ботет, София Росински, Джакс Малкольм және тағы басқалар сомдайды.

 

Читайте также
подписка на рассылку
нет, спасибо

Закрыть через: