Осы жаңбырлы және бұлтты күндерде уақытты киноға барып өткізу жаман емес шешім сияқты. Ал кинотеатрларда Наурыз мейрамының алдында қандай фильмдерді көруге болатынын біз сіздерге әдеттегідей таңдауға көмектесеміз. Сонымен, осы аптада бізді Натали Портманның қатысуымен вестерн, Сәбина келіннің жаңа қызықты оқиғасы, Лондонның құлауы жайындағы шытырман оқиғалы боевик, Лувр мұражайының картиналары соғыс жылдарында қалай сақталынып қалғанын баяндайтын хикая және әлеуметтік желілер жайындағы қорқынышты хоррор күтеді. Әрқайсысына толығырақ тоқталып өтейік.

Америкалық режиссер Гэвин О’Коннордың «Джейн берет ружье» вестерніэкрандарға шығады. Сюжет бойынша Джейн есімді арудың қылмыскер жұбайы өзінің бандасынан қашып, үйіне денесіне тиген сегіз оқпен оралады. Банда мүшелері жұмысын аяқтамақшы болып, жарақаттанған досының ізіне түседі. Джейн фермасын күйеуінің бандасынан қорғап қалу үшін амалсыздан көңілдесі Дэн Фросттан көмек сұрауға мәжбүр болады.Бізге тамаша «Воин» спорт драмасын сыйлаған режиссер жаңа фильмінде адамдардың қауіпті жағдайда қорғану тақырыбын ашпайды. Бұл вестернде ең бастысы адам өз үйі үшін қалай қорғанатыны көрсетіледі. Сондай-ақ, ана тақырыбы да жақсы ашылған. Қорғансыз қалған әйел алдымен балаларын, жанұясын құтқарады емес пе. Оны барлығымыз жақсы білеміз.

Шетел киносыншылары фильмді аса мақтамаса да, қорқынышты туындылардың шебері Стивен Кинг «Джейн берет ружья»-ны мадақтаған болатын.

Рөлдерді Натали Портман, Джоэль Эдгертон, Юэн МакГрегор, Родриго Санторо, Ноа Эммерик және тағы басқалар сомдайды.

Барлығы жақсы көріп үлгерген Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» халық комедиясының екінші бөлімінің көрсетілімі басталады. Екінші фильмде Сәбина келін «Жүгері» ауылында барлығымен татуласып, өзінің жаңа отбасымен бақытты өмір сүреді. Сәбина ауылда келіндерге арналған сауықтыру орталығын, кең даладағы кинотеатр, «Жүгері де-люкс» атты спа-салонын және психолог жұмыс істейтін бөлме ашады. Демек, барлығы жақсы өтуде. Бірақ ауылға жаңа тұрғындар көшіп келгенде, Сәбина мен Жәнібектің махаббаттары сынға түседі.

Сіздер сюжеттен түсініп отырғандай екінші бөлімде жаңа кейіпкерлер болады. Түсірілім тобы фильмнің құпияларын ешкімге ашпай отыр. Олар барлығын кинода көресіздер деген ұстанымда. Режиссердің айтуынша, «Келинка Сабина 2» бірінші фильмнен сәтті әрі танымал болады деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, бірінші фильм 300 мың долларға түсіріліп, қазақстандық кинотеатрларда 800 мың доллар жинаған болатын. Сөйтіп Сәбина келін жайындағы фильм отандық кинематограф тарихындағы ең кірісті кинолардың бірі болды.

Рөлдерді Нұртас Адамбай, Айнұр Ильясова, Ерлан Қасымжанұлы, Жан Ізбасар, Қарлығаш Мұхаметжанова, Жандос Айбасов және тағы басқалар сомдайды.

Иран режиссері Бабак Наджафидің «Падение Лондона» шытырман оқиғалы боевигі экрандарға шығады. Фильм АҚШ-тың президентінің күзетшілер бөлімінің басшысы Майк Бэннингтің ерліктері жайында баяндайды. Лондонда түсініксіз жағдайдың салдарынан Ұлыбританияның премьер-министрі қаза табады. Оның жерлеуіне Батыс елдерінің жетекшілері келуі тиіс. Бірақ әлемдегі ең мықты күштермен қорғалатын шараны кісі өлтірушілер ең беделді мемлекет жетекшілерін өлтіру үшін пайдаланбақшы болады. Ол әрине бүкіләлемге үлкен қауіп төндіреді. Бұл қан төгісті тек үш адам ғана тоқтала алады. Олар АҚШ-тың президенті Бенджамин Эшер, Майк Бэннинг және ешкімге сенбейтін МИ-6 агенті.

«Падение Лондона» 2013-ші жылы экрандарға шыққан режиссер Антуан Фукуаның «Падение Олимпа» фильмінің жалғасы болып табылады. Екінші картина біріншіге қарағанда сәл нашарлау шыққан сияқты. Фильмде көп сұрақтар туғызатын сахналар жетерлік. Сюжеттен түсінікті болып отырғандай, лента саяси тақырыпты көтереді. Ал кинодағы саяси тақырыптар әрқашанда көп сұрақтар мен даулар туғызады емес пе. Оған үйреніп кеттік. Егерде санамызға жүгінбей, тек экшн сахналары мен тартымды актерлерге көңіл бөлетін болсақ, онда киноға баруымызға болады.

Рөлдерді Джерард Батлер, Аарон Экхарт, Морган Фриман, Шарлотта Райли, Анджела Бассетт және тағы басқалар сомдайды.

Ресейлік режиссер Александр Сокуровтың «Франкофония» фильмінің көрсетілімі ТМД-елдерінде басталады. Сюжет бойынша 1940-шы жылдары нацисттер Францияны басып алады. Тарихи атамұра болып табылатын және ең бағалы өнер туындылары жиналған Лувр мұражайының бірегей топтамасын Берлин қаласына жеткізу жайында бұйрық беріледі. Мұражайдың директоры өнерді жақсы көретін неміс генералымен кездесіп, өзара түсінушілік орнатуға тырысады. Осы келіссөздердің арқасында генерал картиналарды Берлинге жеткізуді кейінге шегереді. Нәтижесінде директордың арқасында өнер туындылары сақталынып, Францияда қалады.

Фильм қазіргі заманды және 1940-шы жылдарды компьютерлік графика арқылы біріктірген. Біздің заманды көрсетіп жатқанда басты кейіпкер өткенге және болашаққа қатысты көптеген сауалдар қояды. Бұл сауалдарға жауап жоқ, оларды біз, қазіргі заманның адамдары, ойланып табуымыз керек. Ресейдің беделді режиссері бізге қоғамның нағыз құндылықтары мәдениетте, өнерде екенін көрсетеді. Адамдар соғыста не үшін күресті, бізге бұл өнерді не үшін сақтады? Әрине, әр адам бұл сұрақтарды өзінше қабылдайды, фильмді өзінше түсінеді.

Айта кетейік, «Франкофония» 2015-ші жылы Венецияда өткен 72-ші халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, Еуропа мен жерорта теңізі аймақтарындағы ең үздік фильм атанып, Fedeora және Mimmo Rotella жүлделерін иеленді. Шетелдік киносыншылар картинаны керемет қабылдап, мақтау сөздерін білдіруден шаршамады.

Рөлдерді Луи-До де Ланкесэ, Венсан Немет, Джоанна Кортальс Альтс, Андрей Челпанов, Александр Сокуров және тағы басқалар сомдайды.

Неміс актері әрі режиссері Симон Ферхоэвеннің «Запрос в друзья» триллеріэкрандарға шығады. Фильм университетте араласпайтын курстасын әлеуметтік желілердің бірінде достар тізіміне қосқан Лора есімді ару жайында баяндайды. Бұл курстас Лораға жақын құрбысы сияқты парақшасына күнделікті хаттар жаза бастайды. Әбден жалығып кеткен бойжеткен жабысқақ курстасын достар тізімінен алып тастауға мәжбүр болады. Бұл әрекет ешкім ойламаған жәйттарға әкеліп соғады.

Біздің сүйікті әлеуметтік желілер жайында кезекті хоррор бізді немен қорқытады екен? Трейлерге қарағанда ешқандай жаңа идеялар мен түсірілім әдістері байқалмайды. Фильмде көрермен алдын ала не болатынын біліп отыратын сәттер болса да, корқынышты сахналары қалай түсірілгені қызық болып отыр. Осы жерде еріксіз Ресей мен АҚШ бірігіп түсірген, продюсері Тимур Бекмәмбетов болған 2015-ші жылы экранға шыққан «Убрать из друзей» фильмі еске түседі. Ол жерде де әлеуметтік желілер, жастар, бірін-бірі түсінбеушілік, өз-өзіне қол жұмсау тақырыптары көтерілген. Ал неміс режиссері әлеуметтік желілерден тәуелді болып отырған қазіргі заманның жастарының қорқыныш сезімдерін бізге қалай көрсететінін бағалай жатармыз.

Рөлдерді Алисия Дебнем-Кери, Уильям Моусли, Коннор Паоло, Бритт Морган, Брук Маркам және тағы басқалар сомдайды.