Осы апта комикстер мен жапондық қорқынышты фильмдерінің жанкүйерлерін әбден қуантатын шығар. Әулие Валентин күнінің қарсаңында киноөңдіріс көрермендердің көңілінен шығуға тырысты. Сонымен, біз Marvel-дің ешкімге ұқсамайтын, есінен танған қалжыңбас кейіпкерін, шіркеуге қарсы шыққан бұқаралық ақпарат өкілдерінің журналисттік тергеуін, Голливудтың ең танымал, көпшілік жақсы көретін жұбын және «Звонок» жапондық қорқынышты фильмін түсірген режиссердің жаңа туындысын көріп, бағалай аламыз. Тағы да «50 оттенков серого» фильмінің жұлдызы Дакота Джонсонның жалғыздықпен қалай күресетінін және қазақстандық жігітке 72 сағатта қалай үйленуге болатынын да көреміз. Әрқайсысына толығырақ тоқталып кетейік.

Комикстер жанкүйерлері асыға күткен Тим Миллердің «Дэдпул» фильміқазақстандық кинотеатрларының экрандарына шығады. Фильм бұрын әсери бөлімнің арнайы тағайындалған сарбазы болған, қазіргі таңда жалдамашы кісі өлтіруші болып қызмет ететін үнемі әзіл-оспақтап сөйлейтін Уэйд Уилсон есімді сері жігіт жайында баяндайды. Бір күні дәрілерлер оның ағзасында емделмейтін қатерлі ісік ауруын табады. Жасырын ұйым кездейсоқ Уэйдке адамдарды мутанттарға айналдыратын ғылыми экспериментке қатысып, оларға көмектессе емделіп шығады деген ұсыныс жасайды. Жігіт сол күрделі экспериментке келісімін беріп, нәтижесінде дененің регенерацияланып, тез арада қалпына келу қабілетіне ие болады. Кейін ол жасырын ұйымның нағыз ниетін біліп, зертханадан қашып кетеді. Сол сәттен бастап Дэдпулдың қызыққа толы хикаялары басталады.

Marvel компаниясының комикстер әлемінде ақылға қонбайтын, ешкімге ұқсамайтын кейіпкерлер жетерлік. Бірақ олардың ішінде Дэдпулдың орны бөлек. Ол үнемі әзілдерді жаудырып, қылмыскерлерді өлтіріп қана қоймай, ол комикстер әлемінде өмір сүретінін анық біледі. Фильм нәзік әрі құштарлы романтикаға, күлкілі әзілдерге және соғыс-төбелеске толы. Сондай-ақ, Дэдпулдың кейпіне айналған тамаша актер Райан Рейнольдстің ойыны сіздердің көңілдеріңізден шығатыны сөзсіз.

Айта кетейік, Райан мен Дэдпул арасында көптеген ұқсастықтар бар. Екеуінің бойы 188 сантиметр, көздері пен шаштарының түстері қоңыр, және екеуі де Канадада дүниеге келген. Актер кішкентай кезінен Дэдпулдың рөлін ойнауды армандапты.

Рөлдерді Рейнольдстан басқа Морена Баккарин, Каран Сони, Эд Скрейн, Майкл Беняер және тағы да басқалар сомдайды.

 

«Оскар» марапаттау салтанатында «Ең үздік фильм» номинациясында жетекші болып отырған Том МакКартидің «В центре внимания» (Spotlight) фильмініңкөрсетілімі басталады. Фильм 90-шы жылдары шынайы өмірде болған шіркеудің дін қызметшілері кішкентай балаларды жынысты қарым-қатынасқа итермелеп, зорлаған оқиғаларын анықтап білген, «The Boston Globe» газетінің журналистерінің журланисттік тергеуі жайында баяндайды. Бұл барлық діндерге көлеңке түсірген көргенсіз оқиға халықты таңқалдырып, қатты ызаландырған болатын. Журналистер Бостон қаласының шіркеуінде болған оқиғалардың бетін ашып, оны баршаға жариялаған еді.

Дінге, шіркеуге қатысты тақырыптарды кинода көрсету әрқашанда қиынға соғады. Кез келген адам бұл қасиетті жерді көмекші, ақылшы және тірегі деп санайды. «The Boston Globe» басылымының мақаласынан кейін кішкентай балаларды зорлау жағдайлары әлем бойынша көптеген шіркеулерде анықталды. Бұл қазіргі заманда ешқандай киелі жер қалмағанын, адамдар ештеңкеден қорықпайтынын білдіреді. Өкінішті-ақ. Журналисттер бұл оқиғаны дәлелдеу үшін көптеген қиындықтарға тап болып, көп үлес қосты. Осы журналисттік тергеу 21-ші ғасырдың ең аты шулы тергеуі болып, 2003-ші жылы Пулитцердің сыйлығымен марапатталды.

Осы фильмге режиссер МакКарти Марк Руффало, Майкл Китон, Рэйчел МакАдамс, Лив Шрайбер, Джон Слэттери және Стэнли Туччи сияқты керемет актерлік құрам шақырған болатын. Дарынды актерлер «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясында түрлі жүлделерді алып үлгерді.

Ең сұлу актрисалардың бірі Анджелина Джолидің «Лазурный берег» (By the Sea) атты режиссерлік жұмысы бейсенбіде экранға шығады. Сюжет бойынша үлкен күйзелісті бойынан кешіріп жатқан бір американдық жұп Францияға жағалаудағы жайлы үйге демалуға келеді. Жұбайлар қарым-қатынастарын сақтап қалуға бар күштерін салмақшы. Бірақ Роланд, шығаршылық дағдарыста жүрген танымал жазушы, уақытының көп бөлігін барларда ішімдік ішіп, әйелінің көңіл-күйін уайымдаумен өткізуде. Ванесса болса, бұрыңғы биші, өзінің бөлмесінен анда-санда ғана шығып, түк істемей төсегінде қайғырып жатады. Көрші бөлмеге жаңадан келген жас жұбайлар Роланд пен Ванессаның жағдайын толығымен өзгертеді.

«Лазурный берег» осыдан 40 жыл бұрын түсірілген еуропалық драмалар стилінде жасалынған. Джоли өзінің үшінші режиссерлік фильмінде (оның алдында актриса «В краю крови и меда» және «Несломленный» екі картинаны түсірген болатын) олардың жанұясына көпшілік үлкен қызығушылық танытып отырғанын біліп, соны пайдаланған сияқты. Көрермен алдында әрқашанда батыл әрі рухани күшті тұлғаларды көрсеткен актриса осы жолы әлсіз әйелдің кейпін сомдайды.

Қауесет сөздерге сенетін болсақ, Джолидің осы фильмдегі жұмысы соңғы рөлі болмақ. Бұл титрларда «Анджелина Джоли Питт» деп жазылатын алғашқы картина.

Рөлдерді Джолиден басқа Брэд Питт, Мелани Лоран, Нильс Ареструп және Мельвиль Пупо сомдайды.

Әулие Валентин күніне арналған неміс режиссері Кристиан Диттердің «В активном поиске» (How to be Single) фильмі де 11-ші ақпанда экрандарға шығады. Сюжет бойынша жалғыздықтан рахаттанып жүрген әйел күйеуге шықпаған бойжеткендер жайында кітап жазбақшы болады. Осы тақырыпты зерттеу барысында ол еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынастарға еркін қарап, өмірден толығымен ләззат алып жүрген арумен кездеседі. Ол жазушы қызға жалғыз болуды дұрыс емес пайдалып жатқанын айтып, түрлі барлар мен түнгі клубтарға шақырып, уақыт өткізудің өз әдістерін көрсетеді.

Валентин күні әлемнің көптеген елдерінде тойланатын мереке. Соңғы жылдары бұл күн біздің елде де танымал болып, ғашық болған жастармен тойлана бастады. Дегенменде қоғамда әрқашанда өз махаббатын әлі күнге дейін таппай, жалғыз жүрген жастар да жетерлік. Олардың көбісі, барлық мемлекеттерде сияқты, қыздар. Оның себебі жігіттердің аз болуында немесе өздері байқаусызда жасайтын қателіктерінде шығар. «В активном поиске» фильмінде жалғыздық тақырыбы көтеріліп, біздің өмірде кездесетін көптеген қызықты оқиғалар көрсетіледі. Америкалық көрермендердің (оларда комедия өткен аптадан бастап прокатта) пікіріне сенетін болсақ, фильм өте күлкілі болып шықты.Рөлдерді Дакота Джонсон, Ребел Уилсон, Лесли Манн, Дэймон Уайанс младший, Андерс Холм және тағы басқалар сомдайды.

Қазақстандық режиссер Еркебулан Жолдасовтың «72 сағатта үйлену» (Жениться за 72 часа) комедиясы экранға шығады. Фильм кішкентай кезінен ата-анасынан айрылып, атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген Бақыт есімді жігіт жайында баяндайды. Атасының ақыл сөздерін мұқият тыңдап өскен Бақыт, үлкенге құрмет көрсету қағидасын бірінші орынға қояды. Туған баласы мен келінінен айрылған қария немересінің бақыты ашылғанын қалайды. Бір күні ата мен әже ел алдында ауылға Астанадан келін әкелетінін жариялайды. Бұл жаңалықтан кейін бүкіл ауыл тез арада тойға дайындала бастайды. Барлығы жақсы басталғанымен, астаналық келін Бақытқа күйеуге шыққысы келмейді екен.

Фильм көрерменді жеңіл күлкімен ғана емес, әлеуметтік, отбасылық, адамгершілік тақырыптарын кеңінен ашып, тәрбиелік мәні бар көріністер сыйлайды. Сонымен қатар, қазақтың ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрпы, адал достық, махаббат, әлеуметтік теңсіздік, әке мен баланың қарым-қатынасы сияқты тақырыптар қозғалады. Фильмге саундтрек ретінде «Меломен» тобы «Қазақ қызы» атты әнін жаздырып, бейнебаян түсірген болатын. Фильм Астана және Шымкент қалаларында күзде түсірілді.

Рөлдерді Жанболат Найзабеков, Жігер Ауыпбаев, Динара Абдуллина, Дәурен Жұмаділов, Жұлдызай Дүйсенбиева, Құдірет Топаев және Әнуар Шымырқұлов сомдайды.

Кезінде көптеген адамдарды қорқытқан жапондық «Звонок» фильмінің режиссері Хидео Наката осы жолы жаңа «Театр призраков» атты қорқынышты фильмін ұсынады. Фильм актриса болып жұмысын енді бастаған Сара есімді жас ару жайында баяндайды. Оған басты театрлық қойылымда қыздарды өлтіріп, олардың қанында шомылған, мейірімсіз Елизавета Баторидің рөлін сомдау сәті түседі. Алғашында Сара сценарийді оқып, қорқа бастайды. Бірнеше уақыт ойланып, жас актриса спектальде Леди Баторидің рөлін сомдауға келісімін береді. Осыдан кейін түрлі қорқынышты оқиғалар басталады.

Фильмнің трейлерінде адамның бойымен тең қуыршақ басты кейіпкерді қуалап жүреді. Осыған қарағанда, бізді көбісі ұнатып үлгерген жапон стиліндегі хоррор күтіп отырған көрінеді. Сендер де біз сияқты «Звонок 2» фильмінен кейін нағыз қорқынышты фильмдерді әбден сағынып қалған шығарсыздар. Режиссер Хидео Наката бізге жапондық декорацияларға оралған елестер мен аруақтары бар жақсы түсірілген фильм сыйлайтынына сенеміз.

Рөлдерді Рика Адачи, Кейта Мачида, Харука Шимазаки және тағы басқалар сомдайды.

Понравилась статья?

Подпишись на рассылку и будь в курсе самых интересных и полезных статей

Без спама и не чаще двух раз в неделю