18+
25 февраля 2016

Аптаның кинопремьералары

Көктемнің бірінші аптасында шығатын фильмдер көрермендерді қуантады. Қай киноны қарасақ та, барлығы керемет сияқты. Сонымен, Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында бізді кинотеатрларда отандық және ресейлік романтикалық комедиялары, ағайынды Коэндердің кино жайындағы киносы, жануарларға арналған қаладағы өмір қандай екені және АҚШ-тың мафиясы күтеді. Әрқайсысына толығырақ тоқталып өтейік.

Бір қызықтыратын жәйт, «В центре внимания» драмасы біздің кинотеатрларының экрандарына қайта оралатын көрінеді. Онысы өткен демалыстарда болған «Оскар» марапаттау салтанатында ең үздік фильм атанғанының салдарынан болса керек. Біз бұл фильм жайында сізге осыдан бірнеше апта бұрын, прокатқа шыққаннан бастап айтып берген болатынбыз.

Американың беделді режиссерлері ағайынды Итан және Джоэль Коэндердің асыға күткен «Да здравствует Цезарь!» фильмі қазақстандық экрандарға шығады. Фильм 1950-ші жылдардың басында Голливудтың студияларының бірінде болған оқиғалар жайында баяндайды. Бір күні түсіріліп жатқан фильмде басты рөлді сомдайтын актер жоғалып кетеді. Оның қайда екенін әйелі де, көңілдестері де білмейді. Студия продюсері актерді журалисттерден бұрын іздеп тауып алуы тиіс. Әйтпесе бұл оқиғаның үлкен дауға айналатын түрі бар. Барлығы басынан аяғына төңкерілген Голливудқа қош келдіңіздер!

Кино жайында түсіріліген кино әрқашанда ұтымды тақырып. Ағайынды Коэндер жаңа картинасында көптеген киномандардың талғамын қанағаттандырған сияқты. «Цезарь жасасын»-да тамаша, күлкілі әрі ұмытылмас сахналар жетерлік. Бізге бірнеше түсірілім алаңында қатысушы болуға мүмкіндік беріледі. Көрермен киноның жасалу процессін толық көріп, жұмыс барысында қандай қиындықтар туындайтынын бағалай алады. Жалпы Голливуд дегеніміз не? Ол танымал жұлдыздармен ұзақ мерзімді келісімдерге отырған студиялар, фильмнің сюжетін ойлап тауып, сценарийге айналдырған, бірақ түсірілім жұмысынан шеттелген сценаришілер, шешім қабылдау құқығынан айырылған режиссерлер және ұзақ сөйлемдерді айта алмайтын білімі жоқ сұлу актрисалар мекені. Коэндер Голливудты саудагерлер жақсы сата алатын бетпақ өтірікке толы фабрика ретінде көрсетеді. Мұнымен келіспеу қиын.

Ал режиссерлер өз фильміне қандай керемет актерлерді таңдады десеңізші — Джош Бролин, Джордж Клуни, Рэйф Файнс, Скарлетт Йоханссон, Тильда Суинтон, Ченнинг Татум, Джона Хилл, Дольф Лунгрен және тағы басқалар. Коэндер жасасын!

Disney студиясының «Зверополис» жаңа мультфильмі экранға шығады. Сюжет бойынша көптеген түрлі жануарлар тұратын Зверополис атты қазіргі заманға сай қалада Джуди Хоппс есімді жаңа полиця офицері жұмысқа кіріседі. Джуди кішкентай қоян болғандықтан, оған полициядағы үлкен жануарлар сенбеушілікпен қарап, ешқайсысы оны кәсіби қызметкер ретінде қабылдамайды. Сол себептен Джуди кез келген мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысады. Міне оның қолына күрделі тергеу ісі түседі. Ол көп сөйлейтін Ник есімді түлкімен бірге сол істі шешуге асығады.

Осы жолы да Disney студиясы бірнеше рет көруге тұрарлық керемет мультфильмді жасап шығарды. Бізге қазіргі заманда кездесетін мәдени ағымдарға толы, сан қырлы әрі бай әлемді көрсетеді. Жалпы Зверополисте туратын жануарлар жайында бірнеше мультфильм жасауға тура келеді. Бұл жерде кішкентай тышқандардан бастап үлкен керікке (жираф) дейін барлығының құқықтары тең. Ешкім ешкімді кемсітіп қорламайды. Бұл ақылды туындыда балалар және үлкендер әрқайсысы өзінің кереметін табады. «Зверополис» туралы артық айтудың да қажеті жоқ. Барлығымыз жақын арада киноға барып, мультфильмнен рахат алайық.

Рөлдерді Дженнифер Гудвин, Джейсон Бейтман, Идрис Эльба, Нейт Торренс,  Дженни Слейт және тағы басқа актерлер дыбыстайды.

Австралиялық режиссер Джон Хиллкоуттың «Три девятки» шытырман оқиғалы драмасының көрсетілімі басталады. Фильм қылмыскерлер тобы мен сыбайласқан полицейлер жайында баяндайды. Орыс мафиясы қылмыскерлер және полицейлерден орындауға мүмкін емес тонау жасауды талап етеді. Олар көп ойланып, екі топқа бөліну жайында шешім қабылдайды. Бір топ тонауды жасап жатқан кезде, екінші топ қаланың шетінде бір полицейді өлтіріп, заң сақшыларының назарын өзіне аудармақшы болады. Айта кетейік, өз әріптесін өлтіру «Три девятки» полицейлер коды деп аталынып, барлық полиция қызметкерлерін бір жерге жинайтын шара.

«Самый пьяный округ в мире» фильмінің режиссері осы жолы бізге АҚШ-тың басқа, жағымсыз жағын көрсетеді. Бұл жерде дамыған мемлекетке қарап, шабыттанатын оқиғалар болмайды. Біз нағыз америкалық қылмыстың көкесін көріп, көше бандаларымен танысамыз. Бұл заңның екі жағында жүрген ауыр мінезді еркектер туралы кино. Дегенменде әр жағымсыз кейіпкердің өз оқиғасы және итермелеп жатқан ниеті бар. «Три девятки» фильмі детектив жанрын жақсы көретін көрермендердің көңілінен шығады. Керемет актерлік құрам да сіздерді әбден қуантады.

Рөлдерді Аарон Пол, Кейт Уинслет, Вуди Харрельсон, Чиветель Эджиофор, Кейси Аффлек, Энтони Маки және тағы басқалар сомдайды.

Қазақстандық режиссер Қанағат Мустафиннің «16 қыз» романтикалық комедиясы экранға шығады. Сюжет бойынша Бауыржан есімді жігіттің ата-анасы баласын үйлендіргісі келіп, оған қалыңдық іздей бастайды. Ал Бауыржан болса тек шын жүректен сүйетін қызға үйленетінін айтады. Нәтижесінде ол Айжан есімді бойжеткенді таңдайды, ал қыз болса басқа біреумен атастырылған екен. Әкесінің көңілін қалдырғысы келмеген ару сүйіктісінен бас тартады.

Туынды белгілі «Дос-Мұқасан» тобы әнінің желісі бойынша түсірілді. 2014-ші жылдың тамызында басталған түсірілім жұмыстары Алматы, Баянауыл және Астана мен Қарағандыда өтті. «16 қыз» фильмі қазақ киносының негізін қалаушы, ұлы Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналады.

Рөлдерді Берік Айтжанов, Аша Матай, Әнуар Нұрпейісов және тағы басқалар сомдайды.

Ресейлік режиссер Марюс Вайсбергтің «8 лучших свиданий» романтикалық комедиясы экранға шығады. Сюжет бойынша бір күні сәтті бизнесмен Никита Соколов емделмейтін аурумен ауратынын біледі. Әдеттегідей еркекті оның әйелі, балалары және бизнесімен не болатыны сияқты сұрақтар мазалай бастайды. Сол сәттен бастап ол оның орнын басатын адам керек екенін шешеді. Көптеген іздеу жұмыстарынан кейін Соколовтар отбасының үйіне өрт сөндіруші Илья көшіп келеді. Бірақ кейін Никитаның емделмейтін ауруы дәрігерлердің қателесіп қойылған диагнозы болып шығады.

Вайсбергтің жаңа комедиясы «8 первых свиданий» және «8 новых свиданий» фильмдерінің жалғасы болып табылады. Егерде алдыңғы фильмдер Никита мен оның жары жайында болса, үшінші фильм еркектің өмірінде болып жатқан жеке оқиғасын басты тақырып ретінде көрсетеді. Бұл жерде еркекке көптеген талаптар қойылады, ал әйелдің орындайтын міндеті санаулы. Жалпы кинода еркектің ең басты мақсаты ақша табу екені асты сызылып көрсетіледі. Комедияны Владимир Зеленскийдің әзілдерін ұнататын және Вера Брежневаның сұлулығына ғашық көрермендерге көруге тура келеді.

Рөлдерді Зеленский мен Брежневадан басқа Владимир Епифанцев, Евгений Кошевой, Сергей Казанин және тағы басқалар сомдайды.

Режиссер Брэдли Кингтің «Ошибка времени» алғашқы толықметражды фильмі ТМД-елдерінің кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Фильм жарқын болашақ жайында армандайтын Финн, Кэлли және Джаспер есімді үш дос жайында баяндайды. Бір күні олар ғылыммен айналысатын қария көршісінің қалын білуге үйіне келеді. Қарияның үйінде достар ойлап тапқан таңғажайып машинаны табады. Бұл машина ертең болатын оқиғаны фотосурет арқылы көрсетеді екен. Осы айлап табылған құрылғының көмегімен достардың армандары орындала бастайды.

Фильм аздаған бюджетіне және актерлік құрамында танымал жұлдыздардың жоқтығына қарамастан, батыс елдерінің көрермендерінің арасында жақсы пікірлерге ие болды. Фантастикалық триллерде сіз ешқандай таңқаларлық спецэффектілер мен экшнге толы сахналарды көрмейміз. Бірақ фильм сізді ерекше сюжетімен қызықтыратыны сөзсіз. Біздің елде «Ошибка времени» үлкен экрандарда көрсетілмеді. Неге екені белгісіз. Егерде мүмкіндік болса сіздер бұл киноны (әсіресе фантастика жанрын ұнататындар) интернет жүйесінен іздеп, көре аласыздар.

Рөлдерді Даниэль Панабэйкер, Мэтью О`Лири, Джордж Финн, Джон Рис-Дэвис, Эймин Джозеф және тағы басқалар сомдайды.

Читайте также
подписка на рассылку
нет, спасибо

Закрыть через: