Назарларыңызға бүгіннен бастап отандық кинотеатрларда көрсетіле бастайтын фильмдерді ұсынамыз. Осы апта бізді түрлі жанрлы кинолармен қуантады. Әрқайсысына толығырақ тоқталып өтейік.

Франциялық режиссер Седрик Николя-Троянның «Белоснежка и охотник 2»шытырман оқиғалы фильмі экрандарға шығады. Ағайынды Гримдердің неміс ертегісі бойынша түсірілген екінші фильмде Белоснежка Жауыз ханшайым (Злая королева) Равеннаны жеңудің алдындағы оқиғалар көрсетіледі. Осы жолы басты кейіпкер Равенанның әпкесі — Мұзды ханшайым (Ледяная королева) Фрейа. Сәтсіз махаббаттан кейін жүрегі жараланған Фрейа әпкесінің сатқындығын кешіре алмай, солтүстіктегі қорғанға қашып кетеді. Ол сол жерде бірнеше уақыт бойы өмір сүріп, кез-келген қарсы тұратын адамдарды жоюға дайын тұратын жауынгерлерді дайындайды. Эрик және Сара есімді жауынгерлер барлық тыйым салуларға қарамастан бір-біріне ғашық болады. Оны білген Фрейа ғашықтарды өз қорғанынан қуып жібереді. Кейін бұл жауынгерлер Мұзды ханшайымның дұшпандарына айналады.

Сіздер түсініп отырғандай, «Белоснежка и охотник 2» фильмі 2012-ші жылы жарыққа шыққан фильмнің жалғасы болып табылады. Екінші бөлімнің сюжеті орташа шықса да, актерлік құрам, кейіпкерлердің мінездері және костюмдер сіздерді селқос қалдырмайды. Басты назар әрине тамаша тігілген костюмдерде. Өте сапалы жасалынған көмпьютерлік графикадан да көз ала алмайсың. Көркемділік жағынан жарқын әрі сәнді кино шықты.   Трейлерде де кейіпкерлердің киімдері көзге тартымды және барлығының көңілінен шығатыны айқын көрінеді.

Басты рөлдерді Крис Хемсворт, Эмили Блант, Шарлиз Терон, Джессика Честейн, Сэм Клафлин, Колин Морган және тағы басқалар сомдайды.

Ағылшын режиссері Бен Уитлидің «Высотка» драмасының көрсетілімі ТМД-елдерінің кинотеатрларында басталады. Сюжет бойынша жүйке ауруын емдеуші дәрігер (невропатолог) Роберт Лэнг жаңадан салынған көп қабатты үйдің 25-ші қабатына көшіп келеді. Биік көп қабатты үй ең жаңа технологиялар бойынша өте жайлы салынған. Ол жерде супермаркет, бассейн, саябақ және басқа да көптеген қосымша ыңғайлы құрылыстар жетерлік. Үйдің ережесі бойынша төменгі қабатта тұратын тұрғындар аз төлейді, ал жоғарырақ тұратын адамдардың төлемі де жоғары. Сондықтан байлығынан ерігіп жүрген тұрғындар арасында бәсекелестік туындайды. Олар бір-бірінің араларына от салып, адамгершілік және ар-намыс сияқты қасиеттерді ұмытып кетеді.

Фильмде Лондонның 1970-ші жылдары жақсы көрсетілген. Сол кезеңге қызығып қарайсың. Бұл ақсүйектілерге арналып салынған биік үй – болашақ әлемнің ашық үлгісі. Сюжет пен кейіпкерлер жағынан алатын болсақ, «Высотка» бізге ешқандай жаңалық ашпайды. Қазіргі қоғам рухани төмендеп, күйреуден өтіп жатқанын көбісі байқап жатыр. Бұл кітап бойынша түсірілген фильм болғандықтан, оқып үлгерген көрермендерде көру барысында көптеген сұрақтар туындайтыны сөзсіз. Дегенменде бұл киноны әр көрермен өзінше түсініп, талдау жасайды. Ал құдыретті Тордың ағасын жақсы көретін көрермендер екі есе қуанып қалар.

Басты рөлдерді Том Хиддлстон, Джереми Айронс, Сиенна Миллер, Люк Эванс, Элизабет Мосс және тағы басқалар сомдайды.

Венгриялық режиссер Ласло Немештің «Сын Саула» фильмінің көрсетілімі киносыншы Олег Борецкийдің киноклубында өтеді. Сюжет бойынша Саул Ауслендер тұтқындалған еврейлерден тұратын арнайы топқа кіріп, Освенцим концлагерінде отырады. Олар күнделікті нацистерден газды камераларда отыратын адамдарды жою және денелерін жағып жіберу тапсырмасын орындау бұйрығын алады. Бір күні Саул нацист газды камерада тірі қалған баланы жағып жібергенде, сол баланың түр-келбетіне қарап өзінің ұлын таниды. Ол баласын еврейлердің діні бойынша жерлеп, қажетті дұғаны оқу керек екенін шешеді. Саул камераластармен бірге қашып кетіп, баласының денесін қапшығына салып, өзімен бірге алып кетеді.

Филмьнің оқиғасы 1944-ші жылы қазан айында болған оқиғаларды қамтиды. Қазіргі заман үшін Саул өте қызықты кейіпкер. Ол көз жұмған баласы үшін өз өмірін қиюға дайын мықты тұлға. Баласын еврейлердің дәстүрі бойынша жерлеу мақсатында Саул барлығын жасауға тырысады. Біз бұл кейіпкерге фильмнің басынан аяғына дейін бірге мазасызданамыз, уайымдаймыз. Режиссердің ерекше түсіру қабілеті туралы да ескерген жөн.

«Сын Саула» өткен жылы барлық киножүлделерді жеңіп, әлемнің барлық сыншыларының жоғарғы бағаларына и болған.

Басты рөлдерді Геза Рёриг, Левенте Молнар, Урс Рехн, Тодд Шармон, Марцин Чарник және тағы басқалар сомдайды.

Испандық режиссер Пако Кабесастың «Мой парень – киллер» комедиясы экрандарға шығады. Фильм жігіттермен жолы болмай жүрген бойжеткен жайында баяндайды. Көптеген кездесулерден кейін ол барлық талаптарға сай келетін арманындағы жігітін табады. Бірақ қиялдағы жігіттерде де кемшіліктер болады. Арудың керемет жігіті бұрын кісі өлтіруші (киллер) болып қызмет еткен екен. Бір күні сол жұмыста болған іске байланысты қиындық туындайды. Енді бастау алып келе жатқан махаббат қарым-қатынастары үлкен сынақтан өтеді.

Сіздер байқап отырғандай, бұл ерекше махаббат оқиғасы. Көрермендерді күлкілі әзілдер, қызықты сахналар мен сүйкімді актерлер күтеді. Егерде Эштон Катчер мен Кэтрин Хэйглдің қатысуымен «Киллеры» комедиясы сізге ұнаса, онда осы кино да көңіліңізден шығатыны әбден мүмкін.

Басты рөлдерді Сэм Рокуэлл, Анна Кендрик, Тим Рот, Джеймс Рэнсон, Энсон Маунт және тағы басқалар сомдайды.

Неміс режиссері Флориан Галленбергердің «Колония Дигнидад» драмасыныңкөрсетілімі біздің елде басталады. Фильм Чили мемлекетінде жасырын полициясымен ұрланған Даниэль есімді неміс журналисті жайында баяндайды. Оны қатыгез қинаулардан кейін «Дигнидад» колониясына жібереді. Ал бұл жерге түскен адамдар ешқашан үйіне қайта оралмайды. Даниэль құл болып, адамның ойына сыймайтын зерттеулердің затына айналады. Жігіттің сүйікті қызы стюардесса болып жұмыс істейді. Ол журналистті құтқару үшін сол колонияға алдамшы әрекет арқылы келеді.

«Дигнидад» колониясы шынайы өмірде болған мекеме. Оны 1961-ші жылы Германияда қылмыстық іздестіруде болған нацист Пауль Шефер ашып, сол жерде әйелдер мен балаларды зорлаған. Сондай-ақ, өзіне ұнамаған адамдарды түрлі әдістермен қинаған. Фильм Торонтода халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, киносыншылардың орташа бағаларына ие болды. Дегенменде, көптеген қатысушылар актерлер Эмма Уотсон және Даниэль Брюльдің керемет ойынын жоғары бағалады.

Басты рөлдерді Уотсон мен Брюльден басқа Микаэл Нюквист, Риченда Кэри, Вики Крипс және тағы басқалар сомдайды.

Понравилась статья?

Подпишись на рассылку и будь в курсе самых интересных и полезных статей

Без спама и не чаще двух раз в неделю