18+
25 февраля 2016

Аптаның кинопремьералары «Девушка из Дании» 

Осы аптада біз былтыр «Оскар» жүлдесін алған жас актер Эдди Рэдмейн екі рөлді қалай сомдағанын, «Кунг-фу панданың» жаңа бөлімі бізге не көрсететінін, режиссер Майкл Бэй әскери тақырыпты қалай ашатынын, қуыршаққа айналған баланы және мұғалім қалай тәрбиелеу керектігін көрсететін неміс комедиясын тамашалап, бағалай аламыз.

Біз сіздерге әдеттегідей аптаның басты премьераларын ұсынамыз.

Ағылшын режиссері Том Хупердің көптен бері асыға күткен «Девушка из Дании» фильмі біздің елге де жетті. Картина 1920-шы жылдары Копенгаген қаласында шынайы өмірде болған оқиға негізінде түсірілген. Сюжет бойынша Герда Вегенер есімді суретші әрі иллюстратор өз жұбайы Эйнар Вегенерді әйел болып киініп оның картиналарында бейнелейтін уақытша модель бола тұруын сұрайды. Уақыт өте келе Герданың сұлу әйел салынған картиналары үлкен танымалдылыққа ие болады. Суретші сол танымалдылықпен шабыттанып, жұбайын әйелге киіндіріп өз картиналарын салуды жалғастырады. Эйнар болса әйел кейпін ұнатып, өзіне Лили Эльбе деген лақап есімді алады. Нәтижесінде Эйнар хирургиялық әдіспен жынысын өзгерткен тарихтағы бірінші адам болады.

Өзін әйел болып сезінген, барлық жан-тәнімен әйел болғысы келген еркек туралы оқиға адамның жанның қылын шертетініне келісесіздер ме? Бұл мәселе жалпы ойға қонбайды. Саяси жағынан алатын болсақ, бұл киноны транссексуалдар да адам, олардың да құқығын қадірлеу керек деп қарастыруға болады. Дегенменде, бізге «Король говорит» керемет фильмін сыйлаған режиссер өзінің жаңа туындысында әдеттегі саяси әдептілікке назар аудармайды. Оның басты көрсеткісі келгені ол – екі ғашықтың арасындағы қарым-қатынасы, қыиндықтарды жеңу жолдары. Көркемділік жағынан Хупер әдемі, түрлі сезімге толы, әсерлі кино түсірді.

«Девушки из Дании» фильмі ең үздік актер (Эдди Рэдмейн), екінші пландағы ең үздік актриса (Алисия Викандер), ең үздік костюмдер және ең үздік коюшы суретші төрт номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне үміткер болып отыр.

Рөлдерді Эдди Рэдмейн, Алисия Викандер, Бен Уишоу, Эмбер Хёрд, Маттиас Шонартс және тағы да басқалар сомдайды.

Барлығы ұнатып үлгерген «Кунг-фу панда» мультфильмінің үшінші бөлімі экранға шығады. Жаңа бөлімде По есімді панда өзінің табиғи әкесін кездестіреді. Олар ешкім білмейтін пандалар жұмағы болып табылатын ауылға аттанады. Сол жақта олар тұқымдастарын кездестіріп, жақсы уақыт өткізеді. Бірақ, зұлым Кай барлық Қытай бойынша кунг-фу шеберлерін жойып, тек өзі жалғыз ғана сол бағытта үздік болғысы келеді екен. По ауылындағы барлық пандаларды осы көне жекпе-жек өнеріне үйрететіні жайында шешім қабылдайды.

Көбісінде қазіргі заманның мультфильмдері барлық жастағы көрермендерге арналып жасалынады. Алайда «Кунг фу панда» балаларға үлгі, сабақ ретінде жасалған. Бұл жерде негізгі тақырып жанұя құндылықтары, өзін-өзі тану және ешқашан адамгершілігін жоғалтпау болып табылады. Егерде сіз осы мультфильмге балаларыңызды немесе кішкентей іні-сіңілілеріңізді алып келсеңіз, олардың көңілі көтеріліп, жақсы әсер алып қайтатынына уәде береміз.

Кейбір ақпараттарға сенетін болсақ, «Кунг фу панданың» жалпы алты бөлімін түсіру жоспарлануда. Мультфильмнің кейіпкерлері Джек Блэк, Анджелина Джоли, Дастин Хоффман, Джеки Чан, Сет Роген, Люси Лью сияқты танымал актерлердің дауыстарымен сөйлейді.

Сондай-ақ, бейсенбіде америкалық режиссер Майкл Бэйдің «13 часов: Тайные солдаты Бенгази» жаңа фильмінің премьерасы өтеді. Фильм 2012-ші жылы 11-ші қыркүйекте ливиялық Бенгази қаласында шынайы болған оқиға негізінде түсірілген. Сол кезде Америкадан дипломатиялық тапсырмамен келген топқа радикалды исламшылардан құралған кішігірім әскер шабуыл жасаған болатын. Осы қатыгез айқастың нәтижесінде американдық елші, оның кеңесшісі және қауіпсіздік қызметінің екі сарбазы көз жұмған.

Американың коммерциялық киносының шебершісі Бэй әскери тақырыпты жақсы әрі әсерлі түсіретіні көбіне мәлім. Оның жаңа фильмінде отқа оранған, жарылған ғимараттар мен көліктер, американдықтардың дүниесін қиратып жатқан ондаған ливиялық жауынгерлер, қантөгіс және қатыгездік жетерлік. Осының барлығына қарамастан американдық сарбаздар керемет шыдамдылық пен аман қалудың таңғажайыптарын көрсетеді. Сонымен қатар, экшнге толы картинада американдық үкіметтің халсіздігі жайлы айтылып, өз азаматтарына осындай жағдайларда қолдау жасап, көмек беруге асықпайтыны сыналады. Егерде сіз «Пёрл-Харбор», «Американский снайпер», «Уцелевший», «Горячие головы» сияқты әскери фильмдерін жақсы көрсеңіз, онда Бэйдің «Бенгази сарбаздары» сізге әбден ұнауы мүмкін.

Рөлдерді Джон Красински, Джеймс Бэдж Дэйл, Пабло Шрайбер, Дэвид Денман, Доминик Фумуса, Макс Мартини және тағы да басқалар сомдайды.

28-ші қаңтарда режиссер Уильям Брент Беллдің «Кукла» (The boy)қорқынышты фильмінің көрсетілімі басталады. Сюжет бойынша Америкадан келген Грета есімді ару бір ағылшын жанұясына бала бағушы болып жұмысқа тұрады. Жаңа жұмыс орнына келген Грета бағатын бала тірі жан емес, адамның бойымен бірдей қуыршақ екенін көреді. Үйдегілердің барлығы бұл қуыршақпен тірі адаммен сияқты сөйлесіп, оған кәдімгідей күтім жасайды екен. Олар Гретаның қолына 10 бағу ережесінен тұратын тізім ұстатады. Бойжеткен бұл үйде не болып жатқанын түсінбей, тізімге, қуыршаққа және жанұя мүшелеріне сенбеушілікпен қарайды. Тізімдегі барлық ережелер орындалмаған кезде, ақылға сыймайтын дүниелер пайда бола бастайды. Кейін белгілі болғандай, бұл үйде осындан көп жыл бұрын кішкентай бала көз жұмған екен.

Фильмнің трейлеріне сүйенетін болсақ, бізді мистикаға және жұмбақтарға толы қызықты қорқынышқы кино күтіп отырған сияқты көрінеді. Қорқынышты сәттер бізді шынымен де қорқытады деп сенеміз. Және де бұл кезекті «үлкен үйде адасқан ару» стиліндегі ескірген, көрерменге барлық қадамдар алдын ала белгілі болатын қызықсыз кино емес екеніне үміттенеміз.

Рөлдерді Лорен Кохэн, Руперт Эванс, Джеймс Расселл, Джим Нортон, Диана Хардкэсл және тағы да басқалар сомдайды.

Осы аптаның соңғы премьерасы ол неміс режиссері Бора Дагтекиннің «Зачетный препод 2″ (Fack ju Göhte 2)  комедиясы. Екінші бөлімде балаларды оқытудағы ерекше, бейдәстүрлі әдістерімен оқушылар арасында үлкен махаббатқа ие болған, бұрыңғы ұры Зеки Мюллер мұғалім жоғары сыныптардағы оқушылармен Таиландқа демалысқа аттанады. Осы саяхатта мұғалім мен оқушылар көптеген қызықты әрі қауіпті жағдайларға ұрынады.

Бұл комедияның басқа комедиялардан айырмашылығы қоғамның күрделі мәселелеріне басқа қырынан сауал қоюы. Басты кейіпкерлер тап болатын проблемалар көрерменге дұрыс бағыт беретін тұрғыдан шешіледі. Сондай-ақ, мұғалім сөзі тура мағынада барлығы қорқатын немесе тындамайтын, үнемі сөгетін мұғалімді білдірмейді. «Зачетный преподта» мұғалім тәрбиелеуші, оқытушы, жақын дос болып көрсетіледі. Әрине, бұл барлығына айқын шындық, бірақ оны көбісі түсіне бермейтін көрінеді. Кейде нашар мұғалім жақсы тәрбиелеуші болып шығады. Соны ұмытпаған жөн. Фильм ішіңіз қатып күлетін оқиғаларға және адамның бетін қызартып жіберетін, ұятсыз әзіл-сықақтарға толы.

Рөлдерді Элиас ЭмБарек, Йелла Хаазе, Каролина Херфурт, Катя Риман, Максфон Гробен және тағы да басқалар сомдайды.

Читайте также
подписка на рассылку
нет, спасибо

Закрыть через: